ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ



ДЕНЕ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ СПОРТ ФАКУЛЬТЕТІ


Дене мәдениеті және спорт факультеті 1964 жылы Қарағанды педагогикалық институтының базасында құрылды. Факультет аймақтағы жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін және салауатты өмір салтын дамытуға ықпал ететін жоғары білікті мамандарды дайындайды. Бүгінгі күні факультет «Дене шынықтыру және спорт» және «Бастапқы әскери және дене дайындығы» білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар мен ғылым магистрлерін сапалы дайындау үшін жақсы жағдайларға ие.

Факультеттің қызмет ету жылдарында дене шынықтыру және спорт саласы бойынша 10 000-нан астам мамандар дайындалды. Біздің факультеттің түлектері Қазақстан Республикасында және шетелде табысты жұмыс істейді. Олардың көпшілігі атақты спортшылар, мұғалімдер, жаттықтырушылар, ғылыми қызметкерлер, ҚР министрліктерінің ведомстволық бағынысты құрылымдарының және дене шынықтыру мен спорт қозғалысының басшылары болып кызмет атқаруда. Факультет ғылыми дәреже алған және ғылымның дамуына үлес қосқан түлектерін мақтан тұтады.

Факультет құрамына 3 мамандандырылған кафедра кіреді. Олар: дене мәдениетінің ілімі мен әдістемесі және спорттық дайындық, бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс, дене тәрбиесі кафедралары.

Қазіргі уақытта факультетте оқу үдерісінде қолданылатын спорттық-материалдық база бар. Факультетте оқу сабақтары мен жаттығуларды өткізу үшін сапалы жағдайлар жасалған. Гимнастика, күрес, бокс, спорттық ойын және тренажер залдары, шаңғы базасы және жеңіл атлетика манежі, ірі оқу-жаттығу кешендері бар. Университет базасында 24 спорт түрі бойынша 30-дан астам спорт секциялары жұмыс істейді, онда 3000-нан астам студенттер мен университет оқытушылары жаттығады. Факультет студенттері әр түрлі деңгейдегі жарыстарға үнемі қатысады және әрдайым жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан табылады.