Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетіне Әзербайжан техникалық университетінің
делегациясы арнайы сапармен келді.
Ресми делегацияға Әзербайжан техникалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Вилаят Мамед оғлы Валиев жетекшілік етті.
Делегация құрамында:
Индустриялық дизайн және технологиялар институтының директоры, қауымдастырылған профессор Манафаддин Намазов;
Қорғаныс технологиялары және киберқауіпсіздік институтының директоры, доктор Рахид Алакбарли болды.
Қонақтарды Басқарма Төрағасы – ректор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков қарсы алып, оқу ордасының ғылыми әлеуеті мен халықаралық бағыттағы бастамалары жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Сапар барысында меймандар университеттің тарихи музейін аралап, білім ордасының бай шежіресімен танысты. Сонымен қатар делегация Akylbayev Research Center технопаркіне барып, заманауи зертханалар мен инновациялық жобалардың жұмысын көрді. Ғылым мен технологияны ұштастырған орталықтың бүгінгі тынысы шетелдік әріптестердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Кездесу барысында тараптар халықаралық академиялық ықпалдастықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, студенттер мен оқытушылар алмасуын жандандыру, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен жаңа технологиялар бағытындағы ортақ жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Іссапар қорытындысында екі университет арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, өзара серіктестікті нығайтуға негіз қаланды. Бұл келісім ғылым мен білім саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, халықаралық байланыстың көкжиегін кеңейте түспек.




