2026 жылғы 26–28 мамыр аралығында Қазан федералдық университетінің базасында Ресей-Қытай педагогикалық конгресімен және IFTE-2026 XII Халықаралық педагогикалық білім беру форумымен қатар ұйымдастырылған Азия университеттері қауымдастығының VII съезі өз жұмысын бастады.
Халықаралық алаң жұмысына Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің делегациясы қатысуда. Делегация жетекшісі Үздіксіз білім беру институтының директоры, профессор Саржанова Ғ.Б. университеттің жас ғалымдарымен бірге форум аясындағы үйлестіру отырыстарына, сараптамалық және пікірталас алаңдарына белсенді атсалысуда.
IFTE-2026 форумында «Педагогтің психологиялық тұрақтылығы мен кәсіби әл-ауқаты: жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер» тақырыбында баяндама жасалды.
Форум қатысушыларының басты назарында Азия кеңістігіндегі жоғары білімді дамыту, университеттерді цифрлық трансформациялау және білім беру ортасына жасанды интеллектіні енгізу мәселелері тұр.
Съезд бағдарламасы келесі өзекті бағыттарды қамтыды:
жасанды интеллект және университеттер: сын-қатерлер мен тәжірибелер;
жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау;
педагогикалық қызметтегі жасанды интеллект;
халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығы;
болашақ мамандарын даярлаудың жаңа тәсілдері.
IFTE-2026 XII Халықаралық педагогикалық білім беру форумы «Педагог даярлау және жасанды интеллект: университет тәжірибелері» тақырыбында өтуде.
Негізгі бағыттары:
білім беруді цифрлық трансформациялау және мұғалімнің жаңа рөлі;
XXI ғасыр педагогтерін даярлаудың заманауи модельдері;
университеттердің жасанды интеллектімен жұмыс істеу тәжірибелері;
педагогтің психологиялық тұрақтылығы мен кәсіби әл-ауқаты;
цифрлық ортадағы студенттердің психологиялық қауіпсіздігі;
инклюзивті білім берудегі жасанды интеллект;
жастар тәрбиесінде дәстүр мен инновацияны ұштастыру.
Сараптамалық сессияларға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Түрікменстан, Қытай және өзге де елдердің университет өкілдері қатысуда. Олардың қатарында Солтүстік-Шығыс педагогикалық университеті мен Ляонин педагогикалық университетінің өкілдері де бар.
Форум барысында алынған тәжірибе, халықаралық байланыстар мен практикалық шешімдер педагогтерге білім беру үдерісін цифрлық трансформация жағдайына бейімдеуге, оқу үдерісіне заманауи ЖИ құралдарын енгізуге және студенттер мен оқытушыларға психологиялық әрі академиялық қолдау көрсетудің тиімді тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


