«АКАДЕМИЯЛЫҚ ФОРСАЙТ: КӨШБАСШЫЛЫҚ СТРАТЕГИЯЛАРЫ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ ИННОВАЦИЯЛАРЫ – 2026»
Бүгін, 2026 жылғы 13 қаңтарда, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде басқарушылық мәдениетті дамытуға және университеттік ортаға заманауи білім беру тәсілдерін енгізуге бағытталған «Академиялық форсайт: көшбасшылық стратегиялары және білім беру инновациялары – 2026» қысқы мектебі өз жұмысын бастады.Іс-шараның ашылуында қатысушыларға университет Басқарма төрағасы – ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков құттықтау сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында жоғары білім беру жүйесінің трансформациясы жағдайында стратегиялық академиялық көшбасшылықтың маңызын және университеттердің өңірлік дамудағы рөлінің арта түсуін атап өтті.Сондай-ақ ашылу аясында академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі – проректор Мадина Максимовна Умуркулова сөз сөйлеп, университеттің жаңа академиялық саясатының негізгі бағдарларын таныстырып, ұлттық зерттеу университетінің дамуының жаһандық көкжиектерін белгіледі. Қысқы мектептің алғашқы күні трансформация векторына — нормативтік өзгерістер мен білім беру технологияларына арналды. Біліктілік талаптарының жаңа архитектурасы, университет стратегиясын білім беру бағдарламаларында іске асыру, кафедралардың академиялық беделді қалыптастырудағы рөлі, сондай-ақ тіркеуші офисінің жұмыс стандарттары мәселелеріне арналған пленарлық сессиялар өтті. Бұл сессияларда университет басшылығы мен академиялық қауымдастық өкілдері баяндама жасады.Күннің екінші жартысында қатысушылар интеллектуалдық трансфер сессияларына қатысып, онда құрылымдық модельдеу тәжірибелері, халықаралық ғылыми тағылымдамалар тәжірибесі, академиялық ортада инновациялар мәдениетін қалыптастыру және жаһандық білім беру тәсілдері ұсынылды. Қысқы мектеп жұмысына кафедра меңгерушілері, университеттің әкімшілік бөлімшелерінің өкілдері, сондай-ақ шақырылған сарапшылар мен нақты сектор ұйымдарының, орта білім беру жүйесінің және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысуда. Мұндай қатысушылар құрамы талқылаулардың пәнаралық әрі практикаға бағдарланған сипатын қамтамасыз етеді. Қысқы мектеп 2026 жылғы 15 қаңтарға дейін жалғасады. Алдағы күндері кафедраларды басқаруда жасанды интеллектті пайдалану, академиялық этика мәселелері, «түлек бейнесін» жобалау, серіктестік экожүйелерін дамыту және заманауи педагогикалық дизайн бойынша интенсивтер мен практикалық сессиялар жоспарланған. «Академиялық форсайт – 2026» қысқы мектебін өткізу университеттің стратегиялық басымдықтарын іске асырудағы және академиялық өзгерістер көшбасшылары қауымдастығын қалыптастырудағы маңызды қадам болып табылады.
