Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде халықаралық әріптестік аясын кеңейтуге бағытталған маңызды іссапар өтуде. Өзбекстан Республикасындағы Самарқанд мемлекеттік шет тілдер институтының өкілдері университетаралық ынтымақтастық туралы келісім негізінде арнайы сапармен келіп, білім мен ғылым тоғысқан ортада мазмұнды жұмыстарын бастап кетті.
Бұл сапардың басты мақсаты – оқу үдерісін жетілдіру, кәсіби тәжірибе алмасу, шетелдік ғалымдардың әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ академиялық ұтқырлықтың көкжиегін кеңейту.
Құрамында білікті де тәжірибелі оқытушылар бар:
•Нафиса Зафаровна Насруллаева (ағылшын тілінің теориясы және практикасы кафедрасы);
• Акрам Абдухакимович Шерматов (ағылшын тілінің теориясы және практикасы кафедрасы);
• Гайбулло Кулмурадович Мирсанов (ағылшын тілінің тарихы және грамматикасы кафедрасы);
• Фахриддин Жамшедович Бакиев (аударма теориясы және практикасы кафедрасы);
• Сироджиддин Шайзакович Саримсоков (ағылшын тілінің тарихы және грамматикасы кафедрасы);
• Шахобиддин Саидович Ашуров (ағылшын тілінің теориясы және практикасы кафедрасы);
• Нигорабону Низомиддиновна Сувонова (француз филологиясы кафедрасы).
4–10 мамыр аралығында шақырылған ғалымдар шет тілдері факультетінің студенттеріне дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізеді. Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамымен еркін форматта пікір алмасып, ортақ ғылыми бағыттарды айқындап, келешек жобалардың негізін қалайды.
Сапар аясында делегация университеттің Басқарма Төрағасы – ректормен арнайы кездесіп, екіжақты серіктестікті нығайту жолдарын талқылады. Кездесу барысында білім мен ғылымдағы ықпалдастықты арттыру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, халықаралық бағдарламаларды дамыту мәселелері кеңінен сөз болды.





