ЕЖЕЛГІ ӨРКЕНИЕТТЕРДЕГІ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
Сарыарқа археологиялық институтының ғылыми қызметкері Эмма Радиковна Усманова Санкт-Петербург қаласында өткен «Сібір мен Орталық Азия көшпелілері мен малшыларының археологиясы, тарихы және этнографиясы» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, ғылыми ортада өз ой-пікірін ортаға салды. Аталған алқалы жиын көрнекті археолог Д. Г. Савиновтың (1941–2023) рухына арналды. Ғалым «Тоқыма технологиялары – әлеуметтік трансформацияның (Лисаков археологиялық микроауданының қола дәуірі материалдары негізінде)» мазмұнды баяндамасында ежелгі дәуірдің тынысын бүгінге жеткізген тың деректерді ұсынды. Зерттеу барысында Қостанай өңіріндегі Лисаков археологиялық микроауданынан табылған алакөлдік жерлеу орындарындағы өрілген тоқыма бұйымдары терең талдауға түскен. Ғылыми деректер көне қоғамда тоқымашылық өнердің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Әсіресе, марена өсімдігінен (Rubia tinctorium) алынған табиғи бояудың үш түрі анықталып, жүнді қызыл түстің сан алуан реңктеріне бояу дәстүрі кең таралғаны белгілі болды. Айта кету керек, бояу технологиясын зерттеу ісіне химия ғылымдарының кандидаты В. Н. Фомин де үлес қосуда.

