14 қараша күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде заң ғылымының заңғар тұлғасы, заңгер-ғалым Салық Зиманұлы Зиманов атындағы аудиторияның салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараны университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков ашып, Салық Зимановтың қазақ құқық ғылымында қалдырған мол мұрасы мен ел тарихындағы орнын айрықша атап өтті.
«Салық Зиманов туралы сағаттап айтуға болады. Ол – қазақ заң ғылымының тұтас бір дәуірі, символы. Біздің университеттің заң факультетінің қалыптасуында оның еңбегі ерекше, тарихи мәнге ие. Бірақ ол тек бір факультеттің ғана емес, жалпы ұлттық құқықтық ойдың дамуына өлшеусіз үлес қосты. 1972 жылдан бастап дәл осы оқу ордасында оның шәкірттері білім алды. Ғалым тұтас бір буынды тәрбиелеп, отандық ғылымның дамуына жол ашты. Бүгінгі айтулы оқиғамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» — деді ректор.
Салтанатты шараға ғалымның жақындары қатысып, жылы естеліктерімен бөлісті: Мұхтар Салықұлы, Ермек Мұхтарұлы, Жанат Жүсіпқызы Салық Зимановтың адамгершілік қасиеттерін, парасатын және ғылымға адалдығын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен заң ғылымдарының докторлары, шәкірттері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және заң факультетінің студенттері қатысты.
Аудиторияның ашылу рәсімінен кейін Салық Зимановтың ғылыми мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында ғалымның заң ғылымын дамытудағы рөлі, қазақстандық құқықтық мектептің қалыптасуына қосқан үлесі және құқықтық мемлекеттің негізін қалаудағы еңбегі жан-жақты талқыланды.