БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚОС ДИПЛОМДЫ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
5 наурыз күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде «Қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту және жетілдіру» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өтті.
Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, академиялық ықпалдастықтың өзекті бағыттарын талқылады.
Ғылыми жиынды университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков ашып, қос дипломды бағдарламалардың мән-маңызына тоқталды.
«Қос дипломды білім беру – жай ғана академиялық әріптестік емес. Бұл – студенттеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып,
әлемдік еңбек нарығында еркін бағдар табуына жол ашатын стратегиялық алтын көпір», – деп атап өтті.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мадина Максимқызы Умуркулова қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асырудың сапалық талаптарына тоқталды.
Ол оқу жоспарларын үйлестіру,
білім сапасын біріздендіру және серіктес жоғары оқу орындары арасындағы жауапкершілік мәселелерінің шешуші рөл атқаратынын жеткізді.
«Біздің басты міндетіміз – студентке түсінікті, нақты әрі тиімді білім беру жүйесін қалыптастыру. Қос диплом – тек мүмкіндік емес, үлкен жауапкершілік».
Семинар барысында Радиофизика және электроника кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айнұр Қайыржанқызы Түсіпбекова қос дипломды білім беру жүйесінің артықшылықтарын жан-жақты саралап,
халықаралық тәжірибеге сүйене отырып мазмұнды баяндама жасады.
Спикер бағдарламаның академиялық ұтқырлықты кеңейтудегі, ғылыми әлеуетті арттырудағы және білім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендірудегі рөліне ерекше тоқталды.
Онлайн форматта байланысқа шыққан шетелдік серіктестер де қос дипломды білім беру бағдарламаларының болашағы мен тиімділігі жөнінде пікір білдіріп,
өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін жеткізді.
Семинар аясында қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, мазмұнды әрі ашық пікір алмасу жүргізді.
Іс-шара соңында семинарға белсенді қатысқан тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
