ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ЕУРОПАНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНДА

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің делегациясы Еуропадағы полимерлер химиясы, материалтану, биомедициналық полимерлер және дәрілік заттарды жеткізу жүйелері бағытындағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі – Чехия ғылым академиясының Макромолекулалық химия институтына жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында институт директоры, профессор Томаш Этрихпен өткен мазмұнды кездесуде университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, профессор Е.М. Тәжбаев Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде нанотехнологиялар, полимерлік материалдар және фармацевтикалық химия салаларында жүргізіліп жатқан іргелі ғылыми зерттеулерді таныстырды. Әсіресе полимерлік нанобөлшектер мен гидрогельдер негізінде дәрілік препараттарды ағзаға тиімді жеткізудің заманауи жүйелерін әзірлеу бағытындағы ғылыми ізденістер ерекше қызығушылық тудырды.
Кездесу барысында Е.М. Тәжбаев пен физика-техникалық факультетінің деканы, доктор Т.М. Серіков институттың заманауи ғылыми зертханаларын аралап, әлемдік деңгейдегі жоғары дәлдіктегі аналитикалық құралдардың көмегімен Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары әзірлеген жаңа полимерлік материалдардың микрокұрылымына кешенді зерттеулер жүргізді. Бұл зерттеулер олардың құрылымдық ерекшеліктерін тереңірек зерделеп, өндіріс пен медицинада қолдану мүмкіндіктерін айқындауға жол ашады.
Тараптар ғылыми байланысты жаңа деңгейге көтеру мәселелерін жан-жақты талқылап, халықаралық гранттық жобаларға бірлескен өтінімдер әзірлеу, биомедициналық полимерлер мен наномедицина бағытындағы ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру жөнінде өзара келісімге келді.
Кездесу қорытындысында чехиялық әріптестер Бөкетов ұлттық зерттеу университетімен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екендіктерін білдіріп, университеттің жас ғалымдары, докторанттары мен зерттеушілерін Чехия ғылым академиясының Макромолекулалық химия институтының зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өткізуге дайын екендіктерін жеткізді.
Халықаралық ғылыми әріптестіктің мұндай жаңа белесі – университетіміздің ғылыми әлеуетін арттырып, қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдасуына тың серпін беретіні сөзсіз.