ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГИКА: ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН БОЛАШАҒЫ

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің философия және психология факультетінде халықаралық қатысумен «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік педагогика: бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Тағылымды жиын №9106-ФС-26 гранттық жобасы аясында өтті.
Кездесуде қоғам үшін аса өзекті мәселелердің бірі – мінез-құлқында ауытқуы бар балалармен жұмыс жүргізудегі мұғалімдердің кәсіби дайындығы кеңінен сөз болды. Басқосуға университет оқытушылары мен сала мамандары қатысып, әлеуметтік педагогика мен психологиялық қолдаудың бүгінгі бағыт-бағдарын талқылады.
Бүгінде ұрпақ тәрбиесі – тек мектептің ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Сондықтан бала жанына үңіліп, оның ішкі күйін түсіне алатын білікті маман даярлау – уақыт талабы. Осы орайда қатысушылар білім беру кеңістігінде қауіпсіз әрі сенімді орта қалыптастырудың, педагогтердің біліктілігін арттырудың, ерте диагностикалау дағдыларын дамытудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ мектеп, ата-ана және мамандар арасындағы өзара байланысты күшейту қажеттігіне ерекше тоқталды.
Жиында қазіргі әлеуметтік-педагогикалық жұмыстың басты мақсаты – баланы жазалау емес, оған бағыт-бағдар беру, қолдау көрсету және қоғамға бейімдеу екені айтылды.Себебі әрбір баланың тағдырына бейжай қарамау – ел болашағына деген жанашырлықтың көрінісі.
Мазмұнды пікір алмасу алаңына айналған бұл дөңгелек үстел әлеуметтік педагогика саласындағы өзекті мәселелерді саралап қана қоймай, болашақтағы маңызды бастамаларға да негіз болды.