2023 жылдың 13-16 наурызы аралығында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде 9 білім беру бағдарламасын аккредиттеу рәсімі өтті: «Биология», «География», «Шетел тілі: екі шет тілі», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» (бакалавриат және докторантура), «Педагогика және психология», «Дене шынықтыру және спорт», «Мәдени-тынығу жұмысы» және «Әлеуметтік жұмыс». Аталған білім беру бағдарламаларының жоғары білім берудің халықаралық сапа стандарттарына (ESG) сәйкестігін білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз агенттіктің (IQAA) сарапшылары бағалады.
Комиссия құрамында ұлттық және шетелдік сарапшылар, Қарағанды өңірінің жұмыс берушілері мен студенттерінің өкілдері жұмыс істеді.
Жұмыс барысында комиссия мүшелері университет басшылығымен кездесті, проректорлармен, құрылымдық бөлімшелердің басшыларымен, факультет декандарымен, кафедра меңгерушілерімен, университет оқытушыларымен, білім алушыларымен, әр жылдардағы түлектермен, сондай-ақ жұмыс берушілермен сұхбат жүргізді. Барлық кездесулер жанды қарым-қатынас және өзара кәсіби қызығушылықпен өтті.
Сарапшылар биология-география, педагогика, шет тілдер, философия және психология, дене шынықтыру және спорт факультеттерінің әлеуметтік-мәдени, спорттық инфрақұрылымына, оқу-әдістемелік және ғылыми базасына визуалды шолу жасады. Сарапшылар тобының мүшелері университет нысандарының материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін жоғары бағалады.
Университет басшылығымен қорытынды кездесу барысында, комиссия мүшелері аккредиттеу рәсімін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді, университет оқытушылардың кәсібилігін, білім алушылардың жоғары ынтасын, кафедралардың практика базаларымен, жұмыс берушілермен және түлектермен жақсы өзара кәсіби қарым-қатынасын атап өтті.