ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

THAMES РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

11 наурыз күні Бөкетов ұлттық зерттеу университеті Педагогика факультетінде THAMES ресурстық орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.Орталық «Жаһандану, цифрландыру және инклюзивті білім беру жағдайында инновациялық-белсенді оқытушыны даярлаудың және оның кәсіби дамуының синергетикалық моделін әзірлеу және енгізу» ғылыми жоба аясында құрылды. Жобаның негізгі мақсаты – оқытушылардың инновациялық қызметке деген ынтасын арттыру, озық педагогикалық тәжірибелерді жүйелеу, кәсіби дамуға бағытталған білім беру ресурстарына қолжетімділікті кеңейту және ғылыми бастамалардың тиімді жүзеге асуына қолайлы орта қалыптастыру. Салтанатты іс-шарада орталықтың атау тақтайшасы орнатылып, жаңа білім кеңістігінің лентасы қиылды. Бұл құрметті міндетті Академиялық мәселелер жөніндегі проректор М.М Умуркулова және педагогика факультетінің деканы С.А. Мүлікова сондай-ақ жобаның ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, зерттеуші профессор С.Қ Әбілдина атқарды. Жиында сөз алған спикерлер жаңа орталықтың білім беру жүйесіндегі инновациялық бастамаларды дамытудағы маңызына тоқталып, Педагогика және Физика-техникалық факультеттерінің бірлескен коллаборациясы арқылы жүзеге асырылып отырған жобаның ерекшелігін атап өтті. Сонымен қатар жоба аясында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы қысқаша есеп беріліп, орталықтың алдағы жоспарлары мен мүмкіндіктері таныстырылды, оның ішінде инновациялық педагогикалық тәжірибелерді кеңінен тарату, оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және заманауи ғылыми зерттеулерді тәжірибемен ұштастыру бағыттары ерекше назарда болды. Іс-шараға онлайн форматта шетелдік және әріптес жоғары оқу орындарының профессор-ғалымдары да қосылып, жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, ғылыми жобаның табысты жүзеге асуына ізгі тілектерін білдірді. Педагогика факультетінің деканы қатысушыларға жаңадан ашылған орталықтың жұмысымен таныстырып, арнайы экскурсия жүргізді. Қонақтар заманауи жабдықтармен қамтылған оқу-зерттеу кеңістігін аралап көріп, орталықтың мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар факультет студенттерінің қолынан шыққан шығармашылық жұмыстар мен өнер туындылары ұсынылып, қонақтар жас таланттардың еңбектерін ерекше ықыласпен тамашалады. Жаңа ашылған THAMES ресурстық орталығы – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, инновациялық идеяларды тәжірибемен ұштастыруға және заманауи білім беру үрдісін дамытуға бағытталған маңызды ғылыми-білім беру алаңы болмақ.