Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Шетел тілдері факультетінде Франция Республикасының Қазақстандағы Елшілігі делегациясының қатысуымен француз тілі кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге мырза мен білім және университетаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Грета Комюр Тиллуа қатысты.
Салтанатты жиында университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Е.Ж. Сармурзин сөз сөйлеп, оқу ордасында халықаралық байланыстарды кеңейту мен көптілді білім беруді дамыту – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ француз тіліне қызығушылық танытып жүрген студенттер санының артып келе жатқанын жеткізді.
Сильван Гиоге мырза өз сөзінде жаңа кабинет екі ел арасындағы мәдени және білім саласындағы байланыстардың жарқын көрінісі екенін тілге тиек етті. Француз тілі – әлемдік әдебиет пен өнердің, ғылым мен зияткерлік дамудың тілі екенін ерекше атап өтіп, оның жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге кең жол ашатынын айтты.
Бүгінде университетте 450-ге жуық студент француз тілін меңгеруде. Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа кабинет білім алушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында университет атынан қонақтарға Алғыс хат табысталып, «Карлагтың қара қарындашымен» кітабы мен естелік сыйлықтар ұсынылды.
Француз тілі кабинетінің ашылуы – халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, Қазақстан мен Франция арасындағы достық байланыстарды нығайтқан маңызды бастама.




