Халықаралық әріптестікті нығайту мақсатында Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің делегациясы Чехия Республикасының Пльзень қаласындағы Батыс Богемия университетіне ресми сапар жасады.
Сапардың ең маңызды нәтижесі – Чехия Республикасының Мәдениет министрлігі мен Еуропалық Одақ қаржыландыратын бірлескен халықаралық жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойылуы болды. Жоба ХХ ғасырдағы тұрақты даму стратегияларын археологиялық және пәнаралық тұрғыдан зерттеуге бағытталған.
Кездесу барысында қос университеттің өкілдері академиялық ұтқырлықты дамыту, профессор-оқытушылық құрам мен зерттеушілердің тағылымдамаларын ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық конференциялар өткізу және жаңа гранттық бағдарламаларға қатысу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Чехиялық әріптестер университеттің білім беру жүйесін, ғылыми-зерттеу орталықтарын, заманауи зертханаларын және материалдық-техникалық әлеуетін таныстырып, ғылым мен инновацияға негізделген жоғары білім беру моделінің мүмкіндіктерімен бөлісті.
Кездесу аясында Физика-техникалық факультетінің деканы Т.М. Серіков электрондық микроскопиялық және рентгенқұрылымдық талдау жүргізуге арналған ғылыми үлгілерді чехиялық әріптестерге табыстады.
Бұл сапар – екі жоғары оқу орны арасындағы өзара сенімге негізделген әріптестікті жаңа деңгейге көтерген маңызды қадам. Ғылым мен білімнің алтын көпіріне айналған бұл ынтымақтастық халықаралық зерттеулердің көкжиегін кеңейтіп, жаңа жобалар мен тың бастамалардың жүзеге асуына жол ашады.



