Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған «Жаңа Конституция – жаңа дәуір» атты салтанатты іс-шара өтті.
Жиында университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ел өміріндегі тарихи маңызына тоқталды.
«Бүгін – еліміз үшін айрықша мәнге ие күн. 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді. Бұл – мемлекетіміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат. Осыған орай, жаңа Конституцияның ресми даналарын өздеріңізге табыстауды үлкен мәртебе деп санаймын. Ата Заңымыз елдің тұрақты дамуының, әділетті қоғам мен заң үстемдігінің берік негізі болып қала береді. Баршаңызды осы маңызды оқиғамен құттықтаймын», – деді ректор.
Салтанатты жиынның ерекше сәттерінің бірі – профессорлық-оқытушылық құрамға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ресми даналарының табысталуы болды.
Іс-шара Конституция қағидаттарын дәріптеу, заң үстемдігін, азаматтық жауапкершілік пен демократиялық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылып, қатысушыларға Ата Заңның қоғам өміріндегі айрықша рөлі мен ел болашағын айқындаудағы тарихи маңызын тағы бір мәрте ұғындырды.


