ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУ ЖОЛЫНДА

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің делегациясы, ректор Н.О.Дулатбеков жетекшілігімен Душанбе қаласында өтіп жатқан «Тұрақты даму жолындағы серіктестік: Green. Digital. Smart» халықаралық форумына қатысуда.
Ауқымды халықаралық алаң Тәжікстанның Туризм және кәсіпкерлік халықаралық университеті бастамасымен, Тәжікстан Республикасы Үкіметі қолдауымен ұйымдастырылып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мемлекеттік құрылымдар, Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдері, бизнес пен академиялық қауымдастық өкілдерінің басын қосқан ықпалды халықаралық мінберге айналды. Форум барысында цифрлық трансформация, «жасыл» экономика, жасанды интеллект және инновациялық технологиялар сынды өзекті бағыттар кеңінен талқылануда.
Ректорлар саммиті аясында Нұрлан Дулатбеков Тәжікстанның жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен бірқатар стратегиялық кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты келіссөздер жүргізуде.
Кездесулер барысында білім беру мен ғылымды ықпалдастырудың тиімді тетіктері қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейту, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуын жүйелеу, сондай-ақ «жасыл» экономика мен тұрақты даму бағытында бірлескен ғылыми жобалар мен стартап бастамаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Келіссөздер қорытындысы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою көзделуде.
Бұл бастамалар университеттің халықаралық интеграцияға деген ұмтылысының нақты көрінісі. Осындай беделді алаңдарда тәжірибе алмасу университетіміздің Орталық Азия кеңістігіндегі әріптестік байланыстарды нығайтып қана қоймай, білім беру саласындағы озық цифрлық шешімдер мен заманауи басқару тәжірибесін игеруге жол ашады.