Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті алғаш рет әлемнің үздік университеттерінің QS World University Rankings by Subject 2026 пәндік рейтингіне «Лингвистика» бағыты бойынша еніп, 301–350 диапазонында орын алды.
QS пәндік рейтингі университеттердің академиялық және жұмыс берушілер арасындағы беделін, ғылыми жарияланымдардың сапасы мен дәйексөзделуін, h-индексін, сондай-ақ халықаралық зерттеу әріптестігінің дамуын кешенді түрде ескереді.
Бұл жетістік – профессор-оқытушы құрамның жүйелі еңбегінің, олардың ғылыми нәтижелерінің, білім беру бағдарламаласы беделінің және халықаралық жобаларға белсенді қатысуының жемісі.
Университетіміз үшін бұл – тілдік даярлық бағыттарындағы еңбектің, лингвист-студенттерді сапалы дайындаудың, сондай-ақ заманауи лингвистика мен шет тілдерін оқыту әдістемесін халықаралық деңгейде дамытуға үлес қосқан ғалымдарымыздың еңбегін мойындау.
Осы маңызды нәтижемен оқытушыларымызды, студенттерімізді және серіктестерімізді құттықтаймыз және ҚарҰЗУ-дың халықаралық беделін арттыруға қосқан үлесі үшін профессор-оқытушы құрамға алғыс айтамыз.