22 мамыр күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде География кафедрасының негізін қалаушы, география ғылымдарының кандидаты, профессор Мұратхан Қожахметұлының 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тағылымды жиынға Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Е.М. Тәжбаев, биология-география факультетінің деканы, ғалымдар мен профессор-оқытушылық құрам, ұстаздың бауырлары мен шәкірттері, әріптестері және студент жастар қатысты. Басқосуда профессор Мұратхан Қожахметұлының ғылым жолындағы сүбелі еңбегі, ұлттық география ғылымының дамуына қосқан үлесі мен ұстаздық тағылымы кеңінен айтылды.
Конференция барысында Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Е.М. Тәжбаев құттықтау сөз сөйлеп, ғалым жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның парасатты болмысы мен ғылымдағы дара жолына ерекше тоқталды.
Саналы ғұмырын ғылымға арнаған тұлғаның өнегелі жолын насихаттау мақсатында конференция аясында профессор Мұратхан Қожахметұлы атындағы арнайы стипендия табысталды. Аталған марапатқа биология-география факультетінің студенттері Иманғали Мәметов, Нұрғасыр Теміржан және «Сарыарқа» туристік клубы ие болды. Бұл — білім мен ғылым жолында ізденіп жүрген жастарға көрсетілген үлкен қолдау әрі ғалым еңбегіне деген құрметтің белгісі.
Ғылыми басқосу секциялық отырыстармен жалғасты. Жиын барысында экономикалық және әлеуметтік географияның өзекті мәселелері, Қазақстан мен іргелес аумақтардың физикалық географиясы, географияны оқыту әдістемесі және биоалуантүрліліктің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Ғалымдар мен жас зерттеушілер өзара пікір алмасып, ғылымдағы жаңа бағыттар мен өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітті.
Тағылымға толы басқосу — ғылымға адалдықтың, ұстазға деген құрметтің және ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Профессор Мұратхан Қожахметұлының ғылымдағы сара жолы мен өнегелі ғұмыры әлі талай жас зерттеушіге шамшырақ болары сөзсіз.



