Қарағанды облысы әкімінің жүлдесі үшін студент жастар арасында ХVI облыстық Спартакиада өтті.
Спартакиадаға облысымыздың сегіз университеті мен академияларының командалары, жалпы саны мыңға жуық ЖОО студенттері қатысты.
Студенттер арасындағы біріншілік баскетбол, үстел теннисі, шахмат, футзал, дойбы, кір спорты, волейбол, арқан тарту, президенттік қоссайыс, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, асық ату және қазақ күресі сияқты спорттың 13 түрінен өтті. Әр команданың құрамында 124 адамнан болды. Бәсекеге толы жарыста Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті 30 ұпай айырмашылығымен айқын басымдылық танытып, жеңімпаз атанды. 2 орынды Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, ал 3 орынды А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен және медальдармен марапатталады.
Студенттік спартакиаданың дәстүрлі әрі танымал болғаны соншалық, ол тіпті пандемия кезінде де онлайн түрінде сәтті өткен болатын.