13 сәуір күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Тарих факультетінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, PhD доктор Думан Құрманғазыұлы Жекеновпен тағылымды кездесу өтті.
Кездесу барысында ғалымның «Орталық Азия мұраты» теориялық монографиясы университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қауымына кеңінен таныстырылды. Бұл еңбек – Орталық Азия кеңістігіндегі тарихи сабақтастықты, геосаяси бағыттарды және заманауи үдерістерді терең ғылыми тұрғыда саралаған іргелі зерттеу.
Аталған серия құрамына автордың «Орталық Азия мұраты» монографиясымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдеріне арналған жыл сайынғы талдамалық жинақтар, сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия: талдау және шолу» атты сараптамалық басылым енген.
Жаңа еңбектер Орталық Азия өңіріндегі тарихи, саяси және әлеуметтік үдерістерді кешенді түрде талдауға бағытталған. Сонымен қатар бұл бастама аймақтық даму мәселелері бойынша стратегиялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін тұрақты сараптамалық алаң қалыптастыруды көздейді.
Кездесу барысында тарихшы ғалымдар мен оқытушылар авторға өз сауалдарын қойып, мазмұнды пікір алмасу өрбіді. Еркін форматта өткен сұхбат ғылыми ортадағы өзекті мәселелерді талқылауға жол ашты.
Іс-шара соңында Думан Құрманғазыұлы студенттерге арнайы дәріс оқып, жас зерттеушілермен тәжірибесімен бөлісті.





