ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ҚОС ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

Көне шаһар Самарқандта II Өзбекстан–Қазақстан ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің форумы өтуде. Бұл – тамыры бір, тарихы ортақ қос халықтың ғылымы мен білімі, мәдениеті мен руханиятын тоғыстырған тағылымы терең, мәні айрықша басқосу.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева, сондай-ақ белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, өзара пікір алмасуда.
Жиын барысында Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков «Бауырлас халықтар арасындағы білім мен ғылым саласындағы ықпалдастықтың көкжиектері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
«Бүгін біз Өзбекстанмен арадағы ынтымақтастықтың мүлдем жаңа, тарихи деңгейіне қадам басып тұрмыз. Бұл жолдағы ең маңызды стратегиялық жобамыз — Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Ташкенттегі Низами атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің базасында өз филиалын ашу бастамасы. Бұл жалаң идея емес, уақыт талабынан туындаған, терең негізі бар үлкен мақсат.
Біздің филиал ашу жөніндегі қадамымыз – осынау түркі дүниесінің біртұтас білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспардың ажырамас әрі маңызды бөлшегі. Низами атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің бұл әріптестікке ден қоюы – өзбек жастарының қазақ тілінде сапалы білім алуға, Қазақстанның озық ғылыми тәжірибесін игеруге деген зор қызығушылығын айқын көрсетеді.
Егер бұл тарихи жоба жүзеге асып, Бөкетов университетінің филиалы Ташкент төрінде ашылса, екі оқу орнының бірлескен ғылыми зерттеулері мен академиялық алмасу ісі еселеп күшейеді.
Сонымен қатар қазақ халқының және тұтастай орталықазиялық кеңістіктің тарихына қатысты әлі күнге дейін сыры ашылмаған, ғылыми айналымға толық енбеген архивтік құжаттар жеткілікті. Бұл құнды деректер жүйесі тек бір елдің ғана емес, біздің ортақ өткеніміздің ақтаңдақтарын қалпына келтірудің негізгі кілті».
Іс-шарада екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, ғылым мен білімді дамыту, мәдени байланысты жандандыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Бұл басқосу – ағайын елдердің арасын жақындатып, ғылыми һәм рухани байланысты бекемдей түскен, тәжірибе алмасуға жол ашқан маңызды алаң.