ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

УНИВЕРСИТЕТКЕ ҚР ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ КЕЛДІ

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетіне ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары Т.С.Адамбеков, Ү.Шапаққызы іссапармен келді. Оқу орнымыздың маңызды нысандарының бірі — «Akylbayev Research Center» ғылыми технопаркінің жұмысымен танысып, профессор-оқытушы құрам, қызметкерлермен кездесті. Университет ректоры Н.О.Дулатбеков ел дамуының басты қозғаушы күші ғылым екенін айта келе, орталықтың жоспарларымен бөлісті. Жалпы ауданы 2000 ш.м. құрайтын технопарк ғылыми зерттеулер жүргізу және ғылыми жобаларды іске асыру үшін бастапқы алаңға айналатынын айтты. Заманауи жабдықтармен жабдықталған ғылыми кешенде ғалымдар, студенттер, магистранттар мен докторанттар ғылыми зерттеулер жүргізіп, инновациялық жобаларды әзірлей алады, бұл өз кезегінде ғылымның дамуына және университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ биыл докторлық диссертацияны сәтті қорғаған 3 ғалым PhD дәрежесін иеленгені тілге тиек етілді. Жасанды интеллектке қатысты тың жобалар да таныстырылды. Алдағы уақытта орталық ғылымдағы тың жаңалықтармен серпін бермек. Қоршаған ортадағы дүниенің барлығы ғылымның жемісі. Мұны жақсы білетін зерттеу университеті дәрежесін иеленген оқу орнымыздың мақсаты да сол. Осы бағытта жұмыс жасап, болашақ ғалымдардың тың дүниелер ашуына түрткі болмақ. Орталықтың жұмысынан бөлек, Бөкетов университетінің батыл шешімдері һәм жобаларын біліскен депутаттар мол мағлұмат алып, танысып қайтты.