ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

МОНҒОЛИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген делегация өкілдерімен кездесу өтті. Біліктілікті арттыру курстары аясында арнайы келген қонақтарды университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков қабылдап, елдегі білім мен ғылым саласындағы жаңашыл бағыттар жөнінде әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында білім беру жүйесімен қатар , тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі қоғамдық-саяси келбеті мен мемлекеттік басқарудағы жаңа реформалар талқыланды. Қонақтар әсіресе соңғы жылдары жүзеге асқан конституциялық өзгерістерге, қоғам мен мемлекет арасындағы сабақтастықты күшейтуге бағытталған бастамаларға айрықша қызығушылық танытты.
Жиында Қазақстан Республикасындағы Құрылтай институтының маңызы кеңінен талқыланып, оның ел бірлігін нығайтудағы, қоғамдық пікір мен мемлекеттік мүддені тоғыстырудағы орны ерекше екені атап өтілді. Делегация мүшелеріне Құрылтайдың құрылымы, заң шығару қызметі, депутаттардың өкілеттігі мен жауапкершілігі, Үкіметпен өзара байланыс тетіктері туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Моңғолиялық қонақтар:
депутаттарды сайлау жүйесіне;
парламенттік бақылау жүргізу тәртібіне;
Үкіметке сенімсіздік білдіру механизмдеріне;
жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындау рәсімдеріне;
сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.
Сонымен қатар Президент пен Құрылтай арасындағы үйлесімді байланыс, парламенттік оппозицияның қызметі, заң қабылдау үдерісі және депутаттық әдеп тақырыптары төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өтті.
Кездесу соңында делегация өкілдері Қазақстандағы саяси реформалардың жүйелілігі мен ашықтығына жоғары баға беріп, мұндай өзгерістердің мемлекет дамуы мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы маңызы зор екенін жеткізді.
Мұндай халықаралық кездесулер – өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдететін маңызды көпір.