ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ СЛОВАКИЯНЫҢ ЖЕТЕКШІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫМЕН ӘРІПТЕСТІК АЯСЫН КЕҢЕЙТУДЕ

Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің делегациясы Словакияның Зволен қаласындағы Техникалық университетке жұмыс сапарымен барып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды кездесу өткізді.
Төрт факультетті біріктіретін бұл жоғары оқу орны орман шаруашылығы, экология, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы іргелі зерттеулерімен танымал.
Университет ректоры Рудольф Кропил қонақтарға білім ордасының ғылыми-зерттеу әлеуетін таныстырып, заманауи зертханалар мен оқу инфрақұрылымын көрсетті. Сондай-ақ мемлекеттік емтихандардың ұйымдастырылу барысымен таныстырып, ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша Зволен техникалық университеті ғылыми зерттеулер көрсеткіші жөнінен Словакияда көш бастап тұрғанын атап өтті.
Кездесу барысында Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков университеттің ғылыми әлеуеті мен халықаралық деңгейдегі зерттеу бастамаларын таныстырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану технологияларын әзірлеуге және орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған мегагрант аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы ұсынысын ортаға салды.
Кездесу қорытындысында қос тарап студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын кеңейтуге, ғылыми тағылымдамаларды дамытуға және халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға келісімге келді.