ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

BUKETOV INSECT VILLAGE — КАМПУСТЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУЫНДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМ

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны болып, кампус аумағында жәндіктерге арналған «үйлер» орнату жөніндегі экологиялық бастаманы іске асырды. Buketov Insect Village жобасы биология-география факультетінде жүзеге асырылып, оның мақсаты — биоалуандылықты сақтау және студенттер арасында экологиялық сананы қалыптастыру.Ғылым мен табиғат тоғысқан үйлерЖоба далалық деректерге сүйене отырып, жасанды интеллекттің көмегімен әзірленді. Ол жергілікті тозаңдандырғыштар мен энтомофаг жыртқыш жәндіктерге қолайлы ұяшық диаметрін, қуыс тереңдігін және толтырғыш түрлерін есептеп, үйшіктердің оңтайлы үлгілерін ұсынды. Конструкциялар экологиялық таза әрі қайта өңделген материалдардан — бұтақтардан, бүрлерден, бамбуктан және ағаш қабығынан— жасалып, гүлзарлардың жанына орнатылды. Мұндай үйлесім дара аралар, ызылдақ шыбындар, қызыл қоңыздар және басқа да пайдалы энтомофауна түрлері үшін экожүйелік тепе-теңдікті сақтауда таптырмас көмекшілер ретінде қолайлы орта қалыптастырады.Жәндіктерге арналған «қонақ үйлер» пайдалы жәндіктер үшін қыста — паналайтын, ал жазда — ұя салып, көбейетін орын ретінде қызмет етеді.Осылайша, Buketov Insect Village жобасы университет кампусын көркейтіп қана қоймай, ұсақ жануарлар дүниесі үшін урбанизацияның кері әсерін азайтып, табиғи тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады.Жобаның зерттеу тобыБастама биология-география факультетінің зерттеу тобы тарапынан жүзеге асырылды:Ғылыми кеңесші: б.ғ.к., зоология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Абукенова Вероника Сергеевна.Блялова Жанерке Жакановна – жоба жетекшісі, 8D05101–Биология білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты.Каримтаева Толғанай Нурланқызы – жоба орындаушысы, Табиғат мұражайының жетекші маманы.Федорова Анастасия – жобаның орындаушысы, Биотехнология және экомониторинг зерттеу паркінің инженері.Петрунин-Сухарев Александр – жоба орындаушысы, 6В05101–Биология білім беру бағдарламасының 4-курс студенті.Жоба тобының құрамына зоология кафедрасының оқытушылары мен жас зерттеушілері, сондай-ақ тұрақты даму мен биоалуандылықты сақтау идеяларына қызығушылық танытқан бакалавр және магистрант студенттер кірді.Жоба қатысушылары экологиялық таза материалдарды таңдап, құрылымдарды жобалап, жәндіктерге арналған үйлерді орнату жұмыстарын атқарды.