ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

Кездесулер мен дәрістер

Академик E.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессор-зерттеушісі, п.ғ.д., профессор С.Қ. Абильдина академиялық ұтқырлық аясында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Педагогика және білім берудегі менеджмент факультеті «Мектепке дейінгі және бастауыш оқыту» кафедрасының шақыртуымен білім алушылар арасында түрлі кездесулер мен дәрістер өткізіп, докторанттар мен магистранттар, ПОҚ үшін қонақ дәрістер оқыды. Ғалым 24-қараша күні Қ. Жұбанов атындағы АӨУ-де өткен «Білім беру жүйесіндегі трансформация: тәжірибе, инновация және перспективалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысының пленарлық мәжілісінде бастауыш білім беру саласындағы өзекті мәселені көтеріп, «Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту – білім сапасын арттырудың маңызды шарты» тақырыбында ғылыми мазмұнды баяндама жасады. Университет басшылығымен кездесу сәтінде Басқарма Төрағасы – Ректор Л.Ч. Карабасова бұл іс-сапар барысында жүзеге асатын отандық екі жоғары оқу орны арасындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Педагогика және білім берудегі менеджмент факультетінің деканы А.К. Каринов факультет құрамындағы түрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларының бағыттарымен, олардың сапалы кәсіби маман-педагог кадрлар даярлаудағы мазмұндық ерекшелігімен, жұмыс түрлерімен таныстырып өтсе, кафедра меңгерушісі п.ғ.к., профессор Г.Р. Бахтиярова кафедраның профессорлық- оқытушылық құрамымен және жүзеге асатын бірлескен іс-шаралардың жоспарымен таныстырып, алдағы атқарылатын істер туралы ұсыныстарымен бөлісті.