ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ИТАЛИЯЛЫҚ ПРОФЕССОРМЕН КЕЗДЕСУ

8 сәуір күні Бөкетов ұлттық зерттеу университеті ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков Италияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Неапольдегі Федерико II атындағы университеттің заң факультетінде қызмет ететін, Рим құқығы мен көне құқықтар саласының білгірі, профессор Фабиана Туччиломен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар академиялық әріптестікті жаңа сапалық деңгейге көтеру, ғылыми ынтымақтастықты жүйелі әрі нәтижелі дамыту мәселелерін кеңінен талқылады. Әсіресе білім алмасу мен кәсіби тәжірибені арттырудың тиімді құралы саналатын академиялық ұтқырлық бағдарламасының маңызына ерекше мән берілді. Алдағы уақытта аталған бағдарлама аясында университетіміздің бір оқытушысы мен бір студенті Неапольдегі Федерико II атындағы университет базасында білімін жетілдіріп, шетелдік білім кеңістігінде тәжірибе жинақтайды деп жоспарлануда.

Ілтипатқа толы жүздесу соңында университет ректоры мәртебелі мейманға Карлагтың тағылымды тарихын арқау еткен кітапты сыйға тартып, болашақ ғылыми серіктестікке сәттілік тіледі.