Бүгін академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібековпен кездесу өтті. Шараға Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты филиалының директоры, PhD докторы Махаббат Қозыбаева мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Халил Маслов құрметті қонақ ретінде қатысты. Іс-шара модераторы – университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Нұржан Арғынұлы Жетіспабев болды. Бұл басқосу Мемлекеттік Елтаңбаның тарихы мен терең мағынасын ашып, ұлттық рух пен елдік сана туралы тағылымды ой бөлісуге арқау болды. Студенттер автордың Елтаңба идеясын туғызған шығармашылық шабыт пен рухани мәні туралы әсерлі әңгімесін тыңдады. Кездесуде Ж.М. Мәлібеков Н.А. Жетпісбавевқа өзінің «Қазақстан таңбасы» атты кітабын және Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі бар төсбелгісін естелік ретінде табыстады. Ал университет тарапынан Ж.М. Мәлібековке имидждік естелік сыйлықтар мен Медеу Сәрсекенің «Біртуар Бөкетов» кітабы тарту етілді.