Елорда төрінде құқық саласының өзекті мәселелерін арқау еткен «ХХІ ғасырдағы судьялардың үздіксіз білім алуы: сот төрелігінің сапасын арттырудың негізі ретінде ғылым мен практиканың интеграциясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.
Жиын Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Әділет академиясының 10 жылдығына арналған.
Конференция барысында Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің ректоры Н.О. Дулатбеков баяндама жасап, жоғары білім мен құқықтық кадр даярлаудағы тың тәжірибелер мен нәтижелі бастамаларды кеңінен таныстырды.
Басқосу аясында университет пен Әділет академиясы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылып, ғылым мен білімнің ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеретін берік негіз қаланды.
Халықаралық деңгейдегі бұл кездесуде Қазақстанмен қатар Ресей, Польша, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Германия елдерінен келген сарапшылар бас қосып, құқықтық білім беру жүйесін жаңғырту, сот төрелігінің сапасын арттыру бағытындағы озық тәжірибелермен бөлісуде.
Конференция жұмысына Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің профессор-оқытушылық құрамы да белсене атсалысуда. Атап айтқанда, PhD доктор, қауымдастырылған профессор, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі А.И. Бірманова; PhD доктор, «Құқықтық зерттеулер және мемлекеттану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының профессоры Г.Ү. Балғымбекова; сондай-ақ PhD доктор, ғылыми жұмыстар жөніндегі декан орынбасары, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының ассистент-профессоры А.Б. Шакирова.
Осындай тағылымды кездесулер құқық үстемдігін орнықтырып, заманауи сот жүйесінің дамуына тың серпін берері сөзсіз.



