Жуырда Бөкетов ұлттық зерттеу университеті Шетел тілдері факультетінің деканы А.К. Китибаева бастаған 8 оқытушы Өзбекстанның Ташкент және Самарқанд қалаларына арнайы жұмыс сапарымен барып, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды кездесулер өткізді. Бүгін делегация мүшелері университет ректоры Н.О. Дулатбековпен кездесіп, сапар қорытындыларымен бөлісті.
Өзбек елінің шуақты ауа райы мен қонақжай көңілі сапар қатысушыларына ерекше әсер сыйлап, нәтижелі жұмыс пен тың бастамаларға жол ашты.
Сапар барысында делегация Өзбекстандағы жетекші жоғары оқу орындарында болып, білім беру, ғылым және халықаралық байланыстарды дамыту мәселелерін кеңінен талқылады.
Атап айтқанда:
Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті;
Самарқанд мемлекеттік шетел тілдері институтымен маңызды кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қос дипломды білім беру бағдарламаларын жетілдіру, академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыру және тәжірибе алмасу мәселелері сөз болды.
Әсіресе, өзбекстандық студенттердің Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде білім алуға деген қызығушылығы ерекше байқалды. Академиялық мобильділік бағдарламалары, аударма ісі мен халықаралық байланыс саласындағы мамандар даярлау бағыттары жан-жақты талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша бірлескен халықаралық монография әзірлеу, ғылыми байланыстарды нығайту және факультеттің халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттыру бағытында жаңа міндеттер айқындалды.
Бүгінде халықаралық ынтымақтастық – тәжірибе алмасумен қатар, білім сапасын арттырудың, жас мамандардың көкжиегін кеңейтудің және ғылымды жаңа деңгейге көтерудің маңызды қадамы.
Бөкетов ұлттық зерттеу университеті әлемдік білім кеңістігімен байланысын нығайтып, халықаралық серіктестік арқылы жаңа белестерге қадам жасауды жалғастыруда.





