Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің әскери кафедрасының студенттері әскери-оқу тәжірибесі аясында ағымдағы жылдың 8–13 маусымы аралығында Спасск кентінде орналасқан №36352 әскери бөлімінің оқу полигонында жоспарлы далалық оқу-жаттығудан сәтті өтті.
Далалық жиынның басты мақсаты – болашақ запастағы офицерлердің жауынгерлік даярлығын жетілдіріп, теориялық білімді нақты әскери жағдайда тәжірибемен ұштастыру болды. Жауынгерлік ахуалға барынша жақын ортада ұйымдастырылған оқу-жаттығулар студенттердің кәсіби дайындығын шыңдап, жауапкершілік пен тәртіпке негізделген әскери машықтарын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Атыс даярлығы барысында студенттер штаттық қарумен нысана көздеудің практикалық тәсілдерін меңгеріп, ату жаттығуларын орындады. Сабақтарда қарумен жұмыс істеу мәдениеті, қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай сақтау, атысқа дұрыс дайындалу, нысананы дәл көздеу мен оқ ату шеберлігіне ерекше мән берілді.
Техникалық даярлық кезеңінде қатысушылар әскери техникалар мен қару-жарақтардың құрылымын, олардың пайдалану ерекшеліктерін және техникалық қызмет көрсету тәртібін тәжірибе жүзінде игерді. Бұл болашақ әскери мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырудағы маңызды кезеңдердің біріне айналды.
Далалық оқу-жаттығу барысында студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық жарыстар мен мәдени-танымдық іс-шаралар өткізіліп, олардың өзара ұйымшылдығы мен командалық рухын нығайтуға басымдық берілді.
Далалық жиын студенттердің моральдық-психологиялық дайындығының жоғары деңгейін, әскери тәртіпке бейімділігін және жауынгерлік машықтарының қалыптасқанын айқын көрсетті. Осындай тәжірибе арқылы шыңдалған жастар ертеңгі күні Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосатын білікті де жауапты офицерлер болып қалыптасары сөзсіз.


