ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ТАЛАНТТЫ ЖАСТАР ТРЕНДТЕ

Самарқанд қаласында (Өзбекстан Республикасы) 6–9 маусым аралығында өткен халықаралық экологиялық «Эко-заковат» байқауында Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің биология-география факультеті студенттерінен құралған команда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі II орынды иеленді.
Осы айтулы жетістікке орай университет ректоры Н.О. Дулатбеков жеңімпаз студенттермен арнайы кездесіп, олардың еңбегін жоғары бағалап, құттықтады. Кездесуге команданы байқауға дайындаған ботаника кафедрасының аға оқытушысы, экология магистрі Роза Мусина және биология-география факультетінің деканы Ә.Ғ.Жұмина қатысты.
Бұл халықаралық додаға Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінен және Өзбекстанның барлық өңірлерінен келген студенттер қатысып, экология, қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағыттарындағы білімдері мен біліктіліктерін сынға салды.
Команда капитаны, «Экология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Алишер Жексембаев өз әсерімен бөлісті:
«Бұл байқау туралы университетіміз арқылы білдік. Алғашында толқыныс болғанымен, жарыстың жылы әрі достық атмосферасы тез бейімделуге көмектесті. 17 жоғары оқу орнының ішінде және алты шет мемлекеттен келген командалармен бірге сынға түстік. Біз біртұтас команда ретінде жұмыс істеп, өзара қолдау көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көріне алдық».
Бұл жеңіс – университет студенттерінің терең білімінің, ғылыми ізденісінің және экологиялық мәселелерге деген жауапкершілікпен қарауының айқын дәлелі. Бөкетов ұлттық зерттеу университеті ұжымы үшін бұл – зор мақтаныш әрі халықаралық деңгейдегі беделдің көрсеткіші.
Жеңімпаз жастар мен жетекшілерін құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестер мен жаңа жеңістер серік болсын!