БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ КӨП БАЛАЛЫ АНАҒА ҚОЛ ҰШЫН СОЗДЫ
Бөкетов университетінде «Біз бармыз» еріктілер клубының мүшелері мен белсенді студенттердің ұйымдастыруымен қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. «Жақсылық жасауды өзіңнен баста!» деп ұрандатқан студент-жастар өздері әзірлеген дәмді тоқаштары мен түрлі тәттілерді, жұмсақ ойыншықтар мен кітаптарды сатылымға шығарды. Білім ордамыздың оқытушылары мен қызметкерлері де шет қалмады. Олар да қайырымды іс жасап, ұнаған тауарларын сатып алып, өз үлестерін қосты. Арнайы концерттік бағдарлама мен көрме ұйымдастырылды, лоторея ойнатылды. Педагогика факультетінің деканы Салтанат Муликова: «Қайырымдылық жәрмеңкелері қолдауды қажет ететін жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай іс-шаралар студенттердің эмпатиясын, жанашырлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады, бір-бірімен жақын танысуға және ізгі істер жасау жолында үлкен септігін тигізеді.", - деп атап өтті. 24 қараша күні қайырымды іс өз мәресіне жетіп жәрмеңкеде жиналған қаржы қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде барлығы 1.000.000-ға жуық қаражат жиналды. Жиналған қаржы III сатыдағы глаукома диагнозы қойылған көп балалы ананың еміне жұмсалады. Айта кетейік, жәрмеңкедегі сауда-саттықтан бөлек бүгін Студенттер сарайында осы жәрмеңке қарсаңында лотерея ойыны ұйымдастырылды. Барлық білім алушы жастар мен университет оқытушылары жұмылған жұдырықтай бірлесе, көп балалы ананың оңалып кетуіне тілекші.