15 мамыр күні Наманган мемлекеттік педагогикалық институтының (Өзбекстан) профессор-оқытушы құрамы мен студенттеріне «Infinity Sport – шекарасыз спорт» халықаралық жобасы аясында тағылымдамадан өткені туралы 29 сертификат табысталды.Шара барысында академиялық жұмыс жөніндегі проректор М.М.Умуркулова қонақтарға сапарлары мен мазмұнды бағдарламалары үшін алғысын білдірді:«Екі елді тек ортақ тарих қана емес, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан достық та байланыстырады. Біз көптеген бағыт бойынша өз еліміздің университеттерімен тығыз ынтымақтастықтамыз. Тек спорт саласынан ғана емес, педагогика жағынан да жаңа идеяларыңыз үшін алғыс білдіремін. Жоба атауының өзі биік мақсаттар қойылғанын және сіздердің жастарыңыз неге қол жеткізгісі келетінін жақсы білетінін көрсетеді. Есігіміз сіздер үшін әрдайым ашық. Байқауларға, олимпиадаларға және кез келген ғылыми шараларға келіңіздер», – деді ол.Өз кезегінде Наманган мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректор Кодирхонов Муродхон Рашидхонович жобадан алған әсерімен бөлісіп, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің құрылымдық бөлімшелеріне және жобаға белсенді атсалысқаны үшін дене мәдениеті және спорт факультетінің деканы Жандос Бақытұлы Әбішевке айрықша алғысын білдірді.«Сіздерде түрлі факультетте химия, физика-техника салаларында мықты ғалымдарыңыз бар екенін жақсы білемін. Біз технопарк пен Сарыарқа археологиялық мұражайын араладық. Сапарымыздың басты мақсаты – үш спорт түрінен жарыстар өткізу болды: қазақтың ұлттық күресі – қазақша күрес, сондай-ақ стритбол және мини футбол. Екі жоғары оқу орнының жастары бір-бірімен жақсы достасып кетті, бұл да біздің көздеген мақсаттарымыздың бірі еді», – деп атап өтті ол.Сол күні Алишер Ахмаджонович Исокбоев пен әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Н.А.Жетпісбаевтың кездесуі өтті. Тараптар одан әрі ынтымақтастық жоспарларын талқылады, бұл білім беру, мәдениет саласын нығайтудың басты бағыттарының біріне айналмақ.