ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

МОНООПЕРА ПРЕМЬЕРАСЫ

«Шалқыма» концерт залында қазақтың ұлы ақыны, философ, ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған «Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай» монооперасының Қарағандыдағы премьерасы өтті. Моноопераның авторы және орындаушысы – Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов. Рояль партиясын халықаралық байқаулардың лауреаты Әлияр Өтетілеу орындады. Монопера Абайдың «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Бой бұлғаң» сияқты атақты шығармаларынан құралған. Автор әрі орындаушы Шахимардан Әбілов ұлы ақын, ойшыл Абайдың бейнесін сахнада сомдап, оның ішкі басынан кешкендері мен арман-тілектерін, халық тағдыры туралы ойларын жеткізді. Шахимардан Әбілов 40 жылдық шығармашылық жолының тұтас бір тарауын Абай әндеріне арнағанын айта кеткен жөн. Көрермен «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң», мазмұны терең, белгілі «Сегіз аяқ» шығармаларын тамашалады. Премьераға Қарағанды Бөкетов университетінің Студенттер сарайында бірнеше рет қонақта болған консерватория ректоры Қасейінов Дүйсен Қорабайұлы (Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі (1984), 1987-1997 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры, 2003-2004 жж. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі, 2008-2022 жылдар аралығында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы) қатысты. Концертке келген Бөкетов университетінің студенттері белгілі әртістің шығармаларын зор ықыласпен тыңдады. Шараның соңында Шахимардан Әбіловке университет ұжымы атынан гүл шоқтары табыс етілді.