30 сәуір күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде«BUKETOV LEADER – 2026» жастар сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Студенттер сарайында ұйымдастырылған салтанатты кеш өнер мен қоғамдық белсенділікті қатар алып жүрген дарынды жастардың еңбегін елеп, олардың жетістігін дәріптеуге арналды.
Іс-шараға университеттің Басқарма Төрағасы – ректор Н.О. Дулатбеков бастаған басшылық құрамы, проректорлар, факультет декандары мен құрылым басшылары қатысты. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанұлы Бексұлтанов, Еркін Аманжолұлы Әбіл, Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев және Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Ерниязова арнайы келіп, жеңімпаз жастарға марапаттарын салтанатты түрде табыстады.
Университет ректоры Н.О. Дулатбеков құттықтау сөзінде жастарға зор сенім білдіріп, жетістіктерін жоғары бағалады:
«Бүгінгі жетістік иелерін құттықтаймын. Университетіміз әрдайым білімді, белсенді әрі биік мақсат қоя білетін студенттерімен мақтанады. Құрметті қонақтарға келіп, жастарға қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіремін», – деді ректор.
Кеш барысында түрлі салаларда үздік нәтиже көрсеткен студенттер мен ұйымдар арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Цифрлық дәуірдің жаңа көшін бастаған жастар қатарынан «Жылдың үздік жасанды интеллект қолданушысы» атағын Ілияс Хасенов иеленді. Ал цифрлық кеңістіктегі белсенділігімен көзге түскен Бағлан Полатбеков, Иманғали Ерланұлы және Айдана Сатпаева «Үздік контентмейкер» номинациясын иеленіп, шығармашылық пен технологияны ұштастырған еңбегімен ерекшеленді.
Студенттік өмірдің ұйымдастырушылық қырында көзге түскен Аршагүл Әскерқызы Ақаева «Үздік әкімші» атанса, Алуа Берікқызы Байысова «Үздік студенттік басқарма менторы» ретінде танылды. №4 студенттер үйінің 803-бөлмесі «Үздік бөлме» номинациясын жеңіп алса, Жастар орталығы өз жұмыс жүйелілігімен «Үздік орталық» деп танылды.
Спорт алаңында биік нәтижелерімен дараланған Мирас Құрақбай «Жыл спортшысы» атанып, университет намысын абыроймен қорғағаны үшін ерекше құрметке ие болды. Қоғамдық игі істердің алдыңғы шебінде жүрген Нұрбол Әбибулла «Жыл волонтері» атанды. Ал тәрбие жұмысына қосқан сүбелі үлесі үшін Биология-география факультетінің деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ернат Бекайдарұлы Муксинов «Үздік декан орынбасары» номинациясымен марапатталды.
«Жыл таланты» атағы Аңсат Сманов, Дархан Әбдікәдір және Ерасыл Ержановқа табысталды. Пікірсайыс мәдениетін дамытуға үлес қосқан Айгерім Тұрсынбаева «Жыл пікірсайысшысы» атанды. Ал көркем өнер саласында жарқыраған «Жарқын» халықтық би ансамблі «Үздік жастар ұйымы» атағын иеленді.
Мерекелік кеште «Жарқын» халықтық би ансамблі, «ОЮ» би студиясы және «Жастар» вокалды студиясының әншілері, сондай-ақ Бекұлан Төлеуғазин, Мұхаметжан Шекей және Арайлым Жукенова орындаған әндер көрерменге ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар кештің құрметті қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрмаш Маханның орындауындағы әндер көрермен тарапынан ерекше ықыласқа ие болып, зор қошеметпен қабылданды.
Салтанатты жиынның ең ерекше әрі көпшіліктің асыға күткен сәті – «BUKETOV LEADER – 2026» байқауының жеңімпаздарын жариялау болды.
Биылғы додада:
III орын – Сымбат Боранбай
II орын – Фатима Догдирхан
Бас жүлде – Ерлан Құрымбай
иеленіп, университеттің ең үздік көшбасшылары ретінде танылды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, жаңа жетістіктермен қуанта беріңіздер!






