Атырау – Азия мен Еуропаның арасын жалғаған, тарихы терең, рухы биік қасиетті өңір. Осы киелі қалада өткен волейбол турнирі мен дөңгелек үстел өз мәресіне жетті.
Аталған додада Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің профессор-оқытушылық құрамы мен студенттері жоғары шеберлік танытып, бірінші орынды жеңіп алды.
Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ұйытқы болған Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеттің ұжымы мен дене мәдениеті және бастапқы әскери дайындық кафедрасының қызметкерлеріне, сондай-ақ университет спорт клубының төрағасы Рафаэль Хабировқа айрықша алғыс білдіреміз. Олар қонақтарды теміржол вокзалынан күтіп алып, күнделікті іс-шаралардың жүйелі өтуіне қажетті барлық жағдайды жасады.
Сондай-ақ бұл сапарға жол ашып, қолдау көрсеткен Бөкетов ұлттық зерттеу университеті басшылығына және дене мәдениеті және спорт факультетінің деканы Ж.Б. Әбішевке де зор ризашылығымызды жеткіземіз.
Спорттық басқосу аясында мазмұнды пікір алмасу, әріптестік байланыстарды нығайту, аймақтық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларымен танысу сынды маңызды кездесулер өтті. Баскетбол ойыны да ұйымдастырылып, достық пен ынтымақтастықтың шынайы көрінісін көрсетті.
Ең бастысы – бұл турнир Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы профессор-оқытушылық құрамының алғашқы жарысы ретінде есте қалды. Қатысушылар саны әзірге шектеулі болғанымен, бұл бастама – үлкен жолдың алғашқы қадамы екені анық.
Сондай-ақ Жарысқа М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті қатысты.
Бұл басқосу – жаңа дәстүрдің, жаңа серіктестіктің, жаңа ғылыми-спорттық байланыстың бастауындай әсер қалдырды. Университет командасы алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын табатынына сенім білдіреді.
Бөкетов ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы – осындай тарихи сәттің бір бөлшегі болғанын зор мақтанышпен атап өтті.





