ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

Интеллект в действии: постдокторант Карагандинского университета разрабатывает AI-систему для образования

Қазіргі таңда жасанды интеллект (AI) технологиялары қоғам өмірінің барлық саласына еніп, адам қызметінің тиімділігін арттырудың басты құралына айналып отыр. Әсіресе білім беру жүйесінде AI технологияларын қолдану педагогтардың кәсіби дамуы мен оқыту сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Осындай бағытта жүзеге асып жатқан ғылыми жобалардың бірі - AP25795511 «Педагогтың ашық цифрлық білім беру ортасын жобалауда AI негізінде интеллектуалды іздеу жүйесінің моделін әзірлеу» атты постдокторант С. Абдрахманованың зерттеу жобасы.

Бұл жоба білім беру саласында цифрлық трансформацияны жеделдетуге және педагогтардың ашық цифрлық білім беру ортасын тиімді ұйымдастыруына бағытталған. Жоба аясында жасанды интеллект негізінде интеллектуалды іздеу жүйесінің моделі жасалып, педагогтарға арналған заманауи цифрлық орта құру көзделеді. Мұндай жүйе оқытушының қажетті оқу материалдарын, цифрлық ресурстарды және әдістемелік құралдарды интеллектуалды түрде іздеп, іріктеп, ұсынуға мүмкіндік береді.

Жобаның басты мақсаты - педагогтардың цифрлық құзыреттілігі мен AI-сауаттылықтарын арттыру және білім беру процесін дербестендіру арқылы оқу сапасын жоғарылату. Нәтижесінде білім беру мекемелерінде қолдануға болатын интеллектуалды іздеу жүйесінің моделі әзірленіп, әдістемелік ұсынымдар мен практикалық құралдар дайындалады. Бұл шешім педагогикалық жоғары оқу орындарындағы білім беру тәжірибесін жаңа деңгейге көтеріп, цифрлы педагогикалық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Аталған бастама еліміздің ЖИ даму бағытымен және инновациялық саясатымен үндеседі. Қазақстан бүгінде жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізіп, өңірлік цифрлық хабқа айналуға ұмтылуда. Бұл үдеріс жыл сайын өтетін Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы аясында да кеңінен көрініс табады.

Digital Bridge - бұл Орталық Азиядағы ең ірі IT-форумдардың бірі, ол инновациялар мен цифрлық шешімдерді дамытуға арналған жаһандық алаң ретінде белгілі. 2025 жылы өткен форумның басты тақырыбы — “Generative Nation” («Жаратушы ұлт») болып, жасанды интеллектті дамыту, білім берудегі цифрлық технологияларды кеңінен қолдану және инновациялық экожүйе қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Форум аясында мемлекет басшысы жауапты және қауіпсіз AI қоғамын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, білім мен технологияны ұштастыру елдің стратегиялық даму бағыты екенін ерекше көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда, біздің жоба жасанды интеллекттің білім беру кеңістігіндегі нақты практикалық шешімін ұсынатын маңызды ғылыми бастама болып табылады.

Болашақта жоба нәтижелері педагогтардың AI-сауаттылығын арттыруға, білім беру сапасын жетілдіруге және ұлттық білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға үлес қосады.