26 желтоқсанда академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайында «ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» байқауының бас финалы өтті. Жыл сайынғы бұл шара талант, шығармашылық пен шабыттың нағыз мерекесіне айналды. Жарқын эмоциялар мен шынайы қуанышқа толы концерт университеттегі жаңа жылдық іс-шаралар тізбегіне тамаша нүкте қоя білді.
Университет ректоры Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы қызметкерлерді, оқытушылар мен студенттерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтап, жаңа жетістіктер, шабыт пен бақыт тіледі. Ғылым мен білімге қосқан үлесі үшін құрмет грамоталарымен, дипломдармен, медальдармен, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов атындағы төсбелгімен марапатталған ұстаздар мен қызметкерлерге ерекше көңіл бөлінді. Бұл наградаларды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қарағанды қаласының әкімдігі табыс етті.
«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» байқауы 27 қарашада басталып, финалға дейін жалғасты. Қатысушылар іріктеу кезеңінен бас финалға дейінгі өнер жолында көрермендерді таланттарымен тәнті етті. Осы уақыт ішінде сахна көрермендердің жүрегін жаулап алған шығармашылық дуэттердің нағыз шайқас алаңына айналды.
Байқау қорытындысы бойынша:
Ермеков Нұрлан мен Мұхаметжанова Гауһар 1-орынды;
Ботпай Нұрәлі мен Мускунов Қырыбай 2-орынды;
Аринова Камиля мен Омар Айкүнім 3-орынды иеленді.
Ал байқаудың Гран-при жүлдесі Мағазұлы Әділ мен Талапханқызы Каринаға бұйырды.
Байқаудан бөлек, ұйымдастырушылар барлық қонақтарға тосын сый ретінде лотерея ойнатты, онда әркім өз бағын сынай алды. Бұл барша көрерменге мерекелік көңіл-күй мен шаттық сыйлады.
«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» финалы Қарағанды университеті шығармашылық бастама дәстүрлерін сақтап қана қоймай, оларды белсенді түрде дамытатынын растады. 2024 жылдың соңында ұйымдастырылған концерт шабыт көзі мен жаңа бастамалар символы болды.