16–19 наурыз күндері Бөкетов ұлттық зерттеу университеті Тарих факультетінде археология және этнология мамандығының студенттеріне арналған ғылыми-практикалық семинар өтті.
Ғылыми басқосуды Францияның EVEHA International компаниясының қызметкері, білікті маман Квентин Дриллат жүргізіп, жас зерттеушілерге археология саласындағы заманауи геоақпараттық жүйелердің (ГИС) қыр-сырын тереңінен танытты.
«Археологиядағы ГИС: әдістері мен қолданылуы» тақырыбындағы семинар аясында қатысушылар төрт күн бойы мазмұнды бағдарламаны игеріп, тәжірибе жинақтады. Алғашқы күні ГИС негіздері мен далалық деректерді жинау жолдары қарастырылса, келесі кезеңде көне ландшафтарды саралау, археологиялық деректерге кеңістіктік талдау жасау тәсілдері үйретілді. Қорытынды күні картографиялау мен деректерді жүйелеу жұмыстары пысықталды.
Семинар барысында студенттер карта, GPS координаттары мен спутниктік түсірілімдер арқылы кеңістіктік ақпаратты талдау мен түсіндірудің тың әдістерін меңгерді. Әсіресе, археологиялық нысандарды зерттеу, қазба жұмыстарын жоспарлау және алынған деректерді көрнекі түрде ұсыну бағыттарына ерекше назар аударылды. QGIS және ArcGIS сынды кәсіби бағдарламалармен жұмыс істеу арқылы қатысушылар цифрлық археологияның жаңа мүмкіндіктерін игерді.


