СОЛТҮСТІК БАЛҚАШ ПЕН БЕТПАҚДАЛА ПЕТРОГЛИФТЕРІН ЗЕРТТЕУ Далалық аймақтарда біртұтас мәдени-тарихи ландшафтта жинақталған петроглифтер мен басқа да археологиялық нысандардың кешендері ерекше көзге түседі. Басқа археологиялық нысандармен (қоныстар, қорымдар, жолдар және т. б.) қатар жартастағы суреттер ежелгі қауымдардың өмір салтын, олардың қоршаған ортаға деген көзқарасы мен халықтың бейімделу деңгейін және дала кеңістігінде ұзақ қашықтыққа сапар шегу қабілетін жанама түрде бейнелейді. Беғазы тауларында Серікбай, Сымтас, Нартай, Рыспек, Ақшоқы ескерткіштері зерттелді. Мұнда әртүрлі кезеңдердің жүзден астам петроглифі анықталды, олардың ішінде жабайы және үй жануарларының (тауешкі, жылқы, түйе, бұғы, елік, ит, арқар), адам бейнелері мен күн белгілері бар. Петроглифтер мен олардың жанынан табылған соңғы қола және ерте темір кезеңдерімен мерзімделетін жерлеу орындары негізінен бір уақытта пайда болды деуге болады. Желтау тау жүйесінде петроглифтердің негізгі топтары шоғырланған бес ірі нүкте байқалған, олардың арасында тауешкілерінің бейнелері шашыраңқы орналасқан. Антропоморфты кейіпкерлер бір жерде ғана қос өркешті түйеге мінгізіліп көрсетілсе, басқа кездері ат жалында ойнаған шабандоздар түрінде бейнеленген. Тауешкілерін, еліктер мен бұғыны аулау сахнасы ерекше көзге түседі, онда басты кейіпкер — жебелі садақ үстаған атты садақшы артына бұрылған қалпында белінен жоғары ғана бейнеленген. Тағы бір көп фигуралы композицияда көлденең жазықтықта бейнеленген жануарлардан бөлек тігінен суреттелген жылқылармен бір жазықтықта құрығы бар адамның бейнесін көруге болады. Желтау 3 петроглифтер тобында ерекше және бір-біріне қарама-қарсы тұрған жануарлардың бірқатар бейнесі салынған. Жабайы және фантастикалық жануарлардың беймәлім әлеміне антитеза ретінде шатқалдың ең басында жан-жақтан көрінетін тақтайшада әртүрлі жануарлар мен бүкіл әлемге үстемдік еткен адамның ірі фигурасы бейнеленген.

Дайка (тас қабырғасы) түбінде жатқан бөлек тасқа қашалған Желтау 2 тобының бейнелері символдық қасиетімен көзге түседі. Тастың бетінде сыртқы шеңберден радиалды созылып жатқан 12 сәулесі бар үш шеңбер бейнеленген; күн белгісінің астында ойылып салынған түзу крест түріндегі фигура мен белгісіз сұлба бар, сұлбадан созылып, түйіскен төрт қисық сызық гүлшанағына ұқсас келеді; тағы бір сурет — шиыршық ұшты S тәріздес фигура. Суреттер терең бедерлеу техникасымен жасалған, олардың бетін «шөл қақталымы» басып қалған. Бұл суреттер шамамен соңғы қола дәуірі немесе ерте темір дәуірі кезеңінде салынған. Белгілер түріне «тор», «лабиринт» немесе «шиыршық» бейнелері жатады. Осыларға ұқсас белгілер Сібірде, Алтайда, Тува мен Моңғолияда кездеседі. Желтау 3 тобында үш күйме болжамды әрі өте қарапайым түрде бейнеленген. Олар бетін қына басқан шатқалдың төменгі бөлігінде орналасқан үлкен, көлденең дерлік тақтаға ойылып салынған. Күймелердің бейнесі патинаны тегістей отырып, қағымдалған, суреттер анық көрінбейді, кескін беті қабыршақталған. Қазақстан петроглифтерінің арасынан бұрын кездеспеген қызғалдақтың бірегей бейнесі Желтау 1 тобының шетінен табылған, ол негізгі суреттерден алшақ орналасып, бөлек тұрған екі үлкен тақтаға салынған. Қызғалдақтың гүлі, сабағы, осы өсімдікке тән екі жапырағы мен екі «өркенді» баданасы бар. Қызғалдақтың төменгі жағында белгісіз фигура мен дақтар бар; гүлдің үстінде екі тауешкі, жоғарырақ екі бөлек жазықтықта жылқының, түйеге мінген аморфты адам мүсіні, ең үстіңгі жазықтықта аяқтары шиеленіскен ірі тауешкі, түйе және оның артында аяқ-қолы жан-жаққа керілген, жыныстық мүшесі анық суреттелген адам бейнеленген.

Тамғалы петроглифтері барлық топтарда кездеседі. Мәселен, Желтау 2-де таңбаға ұқсас екі бейне табылды. Желтау 3 тобында бейнелермен қатар таңба тәріздес белгілерді көруге болады. Бұрыштарынан созылған төрт түзу сызық ұштары қысқа доғамен аяқталатын үлкен ромб таңбасы бөлек тасқа қашалған. Белгілі ұқсастықтарға сүйене отырып, шамалайтын болсақ белгінің мерзімделу кезеңі ғұн-сармат дәуіріне сәйкес келеді. Ұштары қарама-қарсы бағытта орналасқан екі доға түріндегі тамға (шартты түрде — «екі доға» таңбасы) ортағасырлық кезеңге жатады. Бәлкім, көлденеңінен жайылған «Н» әрпіне ұқсайтын тағы бір таңба сол уақыттан бастау алған болар. Кең су жинау алабынан бастау алатын шатқалдан жоғары, кең тік жартастың үстінде түрлі дәуірлердің ізі секілді таңба тәріздес белгілерінің шоғыры табылды
