БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ «КӨШПЕЛІЛІК ЭСТЕТИКАСЫ: ҰЛТТЫҚ БІРЕУІШ КОДЕКСІ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

14 мамыр күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде «Көшпенділер эстетикасы:бірегейліктің ұлттық коды» кітабының таныстырылымы өтті.
Бұл еңбек – Ұлы Дала өркениетінің эстетикалық әлемін, ұлттық сана мен мәдени жадының сабақтастығын жаңаша зерделеген құнды зерттеу. Кітапта көшпенділердің дүниені қабылдау ерекшелігі, ұлттың рухани коды, тарихи-мәдени мұраның бүгінгі қоғамдағы орны терең ғылыми пайыммен өрілген.
Келелі жиынды тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ж.Ә.Жұмабеков жүргізді.
Ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Е.М. Тәжбаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбектің ұлттық руханият пен отандық ғылым кеңістігіндегі маңызына айрықша тоқталды. Сондай-ақ Ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Р.Бикенов рухани құндылықтарды сақтау, мәдени мұраны ұлықтау мәселелерін қозғап, кітаптың танымдық әрі тәрбиелік әлеуетіне жоғары баға берді.
Таныстырылым барысында ғылыми-мәдени қауым өкілдері мазмұнды пікір алмасып, еңбектің ғылыми салмағы мен рухани мәніне кеңінен тоқталды.
Баяндамашылар қатарында филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Сембин, суретші-иллюстратор Қалдыгүл Жаныбаева, тарихшы Зифа Қарақұлова, философия ғылымдарының докторы Альмира Наурызбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы және өзге де зиялы қауым өкілдері болды. Олар көшпенді мәдениеттің философиялық тереңдігі, эстетикалық әлемі мен ұлттық болмыс қалыптастырудағы орны жөнінде тағылымды ой қозғады.
Сонымен қатар Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама архивінің басшысы Темірғали Тілеубекұлы Аршабеков, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылыған профессор Виктор Васильевич Варфоломеев және әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Кира Георгиевна Гаркуша еңбектің ғылыми-теориялық маңызын атап өтіп, оның гуманитарлық ғылымдағы өзекті мәселелерді жаңаша пайымдауға жол ашатын құнды зерттеу екенін жеткізді.
Іс-шара соңында университет кітапханасына жаңа кітаптар табысталып, қонақтар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар ұсынылды.
Тағылымды кездесу ұлттық руханиятты ұлықтаған мазмұнды ойлармен түйінделіп, көшпенділер мұрасын терең тануға бағытталған ғылыми ізденістердің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.