ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН СУРЕТШІ BUKETOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІМЕН ӨЗ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСЕДІ

Бүгін университетімізге жас талантты суретші Гүлнұр Мұқажанова келді.

Гүлнұр Мұқажанова Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы кентінде дүниеге келді. Қарағанды Бөкетов университетінде бейнелеу өнері мамандығы бойынша білім алды, кейін Алматыға көшіп, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдады. Содан кейін Гүлнұр Берлиннің көркемсурет университетінде оқуын жалғастырды.

Гүлнұр өзінің шығармашылық жұмыстарымен көпшілікке танымал. Қарапайым материалдар суретшінің қолында эксклюзивті таңбаға ие болып, басқа шеберлердің авторлық жобаларына ұқсамайды. Гүлнұр негізінен өз жұмысында ақ киіз бен қамқа матасын пайдаланады. Шебердің айтуынша, ақ киіз бейтарап түске ие болғандықтан суретші үшін ыңғайлы, өйткені басқа түстер бір-бірімен үйлесе бермейді. Оның шығармашылығы қазақ мәдениетімен және қазіргі Қазақстанмен тығыз байланысты.

«Шығармашылыққа алғаш қадам бастағаннан ата-бабаларымыздың, жалпы елдің тарихын зерттедім. Мен үшін қазіргі уақытта өз орнымды табу үшін өткенмен танысу маңызды болды. Бүгінде менің шығармашылығым қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына арналған, онда қазіргі Қазақстан да көрініс тапқан», – деп бөлісті Гүлнұр Мұқажанова. Өнер саласында 15 жыл бойы қарқынды жұмыс істеу барысында жинақтаған мол тәжірибесімен суретші Бөкетов университетінің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының студенттерімен бөлісуге дайын.

«Өз біліміммен бөлісу мен үшін үлкен мәртебе. Бірлескен ынтымақтастық жақсы нәтижеге әкеліп, студент жастарға өз шығармашылық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Гүлнұр.