ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

«ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ


19 ақпанда академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайында «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен кездесу өтті. Жиында «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг департаментінің бас маманы Ақзира Серікқалиқызы мемлекеттік білім гранты бойынша білім алған түлектер мен философия докторлары (PhD) үшін міндетті үш жылдық жұмыспен өтеу шарттарын жан-жақты түсіндірді. Ол 2021 жылдан бастап түлектер мемлекеттік ұйымдармен қатар жеке мекемелерде де жұмыс істеп, гранттарын өтей алатынын, бұл олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтетінін еске салды. Бұл міндеттемелердің орындалуы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы аударымдар арқылы бақыланып, жұмыспен қамтылудың толық мөлшерлемесі, жартылай немесе мөлшерлеменің төрттен бір бөлігі де ескерілетіні айтылды.Маман құжаттардың дұрыс ресімделуіне назар аударып, қателіктер немесе құжаттарды кеш тапсыру салдарынан қиындықтар туындайтынын баса айтты. Мысал ретінде ол декреттік демалыстағы студент қыздардың құжаттарының дұрыс ресімделмеуіне байланысты істі сотта қарауға тура келген жағдайларды келтірді. Сондай-ақ ескертулерді елемеу және міндеттемелерді орындамау салдарынан сот шешімдерді түлектің жеке қатысуынсыз қабылдауы мүмкін екендігі айтылды. Кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе студенттерді гранттан ақылы оқуға және керісінше ауыстыруға қатысты болды. Мұндай жағдайларда мемлекетке қайтарылатын қаражат сомасы грант немесе ақылы негізде оқу мерзіміне пропорционалды түрде есептеледі. «Қаржы орталығы» АҚ мамандары енді құжаттарды электронды форматта тапсыруға болатынын, бұл есеп беру процесін айтарлықтай жеңілдететінін еске салды. Алайда, егер түлек өз міндеттемелерін орындамай, бюджет қаражатын өтеу мерзімдерін кешіктірсе, негізгі сомаға өсімпұл, сондай-ақ сот шығындары қосылады. Кездесудің екінші бөлімі дәстүрлі түрде жұмыспен өтеу мәселесінің қыр-сырына, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен құжаттарды ресімдеу тәртібіне қызығушылық танытқан студенттерге арналды.