10 маусымда Astana IT University базасында Coursera компаниясының Бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда «Coursera қазақ тілінде» жобасына қатысушы 25 аймақтық университет ректорлары, проректорлары және студенттерімен кездесті. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн курстарды оқытудың маңыздылығына тоқталып, осы тақырыпта дәріс оқыды.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Қарағанды Бөкетов университетіне «Coursera қазақ тілінде» курстарынан өтуге 1500 лицензия берілген болатын.
Бүгінгі таңда 1500 білім алушымыз жазылған курстарын сәтті меңгеріп шықты. Университет білім алушылары 501 курсқа жазылды, соның ішінде 80 курс қазақ және орыс тілінде, 421 курс ағылшын тілінде меңгерілді.
Курстарға жазылған 1500 білім алушының 409-ы 1 сертификат, 223-і 2 сертификат, 150-і 3 сертификат, 718-і 4 және одан да көп сертификат алды.
Кездесу соңына таман «Coursera қазақ тілінде» курстарынан жоғары нәтиже көрсеткен студенттер марапатталды. Үздік нәтиже көрсеткен университетіміздің педагогика факультетінің 1 курс магистранты Айгерім Қалабаева марапаттауға ұсынылып, Coursera компаниясының Бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальданың қолынан үздік студент сертификатын алды.
Бүгінгі күні екінші лектің 1500 білім алушысына тіркеу жүргізіліп, дайындық жұмысы басталып кетті.
Білім алушыларымыз жинаған тәжірибесі мен білімін кәсіби қызметтерінде пайдаланады деп сенім білдіреміз!