Осы аптада Лондоннан ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Н. Дулатбековтің жетекшілігімен жоғары оқу орнының З. Сақтағанова, А. Мустояпова, Л. Харитонова, Ж. Ибраимова және А. Китибаева тәрізді ғалымдарынан тұратын Karaganda Buketov University ғалымдар тобы «The Famine of 1931–1933 in Central Kazakhstan Collection of Archival Documents and Memoirs» кітабын басып шығарғандығы жөнінде қуаынышты хабар келді.
Бұл ғылыми еңбекті жоғары бағалап, Ұлыбританияның «Palgrave Macmillan» халықаралық ғылыми кітап-журнал баспасы шығарды. Жоғарыда аталған мекеме әлемдегі ең ірі академиялық баспалардың бірі «Springer Nature» баспасының еншілес ұйымы болып табылады. Баспа әлемдегі ең танымал ғалымдарды біріктіреді және Нью-Йорк, Шанхай, Гонконг және т.б. қалаларда өкілдіктері кеңінен тараған.
Бір қуанарлық жағдай, осы тарихи маңызды және ауқымды жоба бойынша жұмысты Karaganda Buketov University ғалымдар тобы университеттің бастамасымен ішкі ғылыми-зерттеу грантының арқасында жүзеге асырды. Жалпы алғанда, ішкі гранттар университетіміздің зерттеушілеріне бұдан әрі ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің, мемлекеттік және халықаралық ғылыми жобалардың желісі бойынша гранттық қаржыландыруға қатысуға ерекше мүмкіндік береді.