Бөкетов университеті шетел тілдер факультетінің студенттері бірнеше тілде еркін сөйлейді, оларды полиглот деп атасақ та болады. Оқу үрдісі кезінде жастар ағылшын, неміс, француз, түрік, итальян және қытай тілдерін меңгереді. Олардың сапалы білім алуына факультетте қажетті жағдай жасалған, аудиториялар белгілі бір елге сәйкес тақырыптармен жабдықталған. Студенттердің, педагогтардың лингафондық, мультимедиялық зертханалары, көркем, ғылыми әдебиеттердің бай қоры, Workshop rooms, Students Hub және тегін Wi-Fi аймағы бар.
Қазіргі уақытта факультеттің 4 кафедрасында 100-ге жуық оқытушы жұмыс істейді.
Бірнеше тілді меңгерген ерекше студенттер жайлы айтсақ, 2 курс студенті Анна Гутковская сурет салуға, қолөнерге, оқуға, актерлік өнерге және шет тілдерін үйренуге қызығушылық танытады. Студент ағылшын, неміс, корей және француз тілдерін біледі және ол осы тілдермен ғана шектеліп қалмайды.
Дмитрий Козерук, шет тілдер колледжін қызыл дипломмен бітірді. Бүгінде жас жігіт жеделдетілген білім беру бағдарламасы бойынша жоғары білім алып, университет өміріне белсене араласуда. ЖІЖК ұйымының мүшесі, факультетте өткізілетін түрлі мерекелік шаралардың жүргізушісі. Дмитрий ағылшын тілін жетік біледі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мұражайға саяхат ұйымдастырылғанда неміс журналистерінің келуі оның мол тәжірибе жинақтауына мүмкіндік туғызды. Сапалы аударма жасай білді. Гид терминологиясы оңай болмағанына қарамастан, Дмитрий өз міндетін беске орындады.
Камила Самат 3 курста оқиды. Ол шетел тілдер факультеті ЖІЖК төрайымы, домбыра мен гитарада шебер ойнайды. Түрік тілін жақсы біледі.
Балалар сабақтан бос уақытында қайырымдылық жәрмеңкелерін, байқаулар мен поэзия кештерін ұйымдастырады. Болашақта олардың көпшілігі оқу орындарында жұмыс істеп, мектеп оқушыларына шет тілдерін үйретіп, жоғары оқу орнында алған білімдерін іс жүзінде шыңдайтын болады.