Осы жылдың 10 сәуірінде басталған құрылыс нысаны қыркүйек айының алғашқы күндерінде толық салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Бас мердігер “CK NEW CITY ” ЖШС.
Термос жылыжайдың ішінде өсірілетін барлық гүл, ағаш сынды өсімдіктер Бөкетов университетінің оқу ғимараттарымен қатар Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс аумағын қамтуға күші жетеді дейді биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов.
Жылыжайдың ұзындығы 45 метр, ені 5 метр, тереңдігі 6 метр. Жылыжай жер бетінен 80 см-ге шығып тұр, қалған бөлігі жылуды жыл бойына бір қалыпты сақтау мақсатында жер астында орналасқан.
Озық технологиямен салынып жатқан мұндай жылыжай Қарағанды облысы бойынша Сәтбаев қаласында ғана бар. Бастапқы уақытта жылыжайда гүлді өсімдіктер егіліп, білім алушылар мен ұстаздар қауымы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Термос жылыжай құрылысымен қатар университеттің бас ғимараты мен №3 ғимараттың арасында абаттандыру жұмысы бірге жүргізіліп жатыр. Абаттандыру шаруасы бойынша университет аумағына ағаштың 15 түрлі сұрпынан жалпы саны 735 ағаш отырғызылған.