ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

Халықаралық құқық бойынша ІІ аймақтық пәндік олимпиада

2023 жылдың 14-наурызында Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Халықаралық құқық бойынша ІІ аймақтық пәндік олимпиада өткізілді. Конституциялық және халықаралық құқық кафедрасы заң факультетінде өткізілген Олимпиаданың тікелей ұйымдастырушысы болды. Бұл қаламыздың жоғары оқу орындарының қатысуымен өткізіліп отырған екінші олимпиада. Олимпиадаға Қарағанды жоғары оқу орындарынан 5 команда өтінім білдіріп, барлығы 30 студент қатысты.

Олимпиада Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысының 160 жылдығына және Интерполдың Қазақстан Республикасындағы Ұлттық Орталық бюросының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, өткізіліп отыр. Халықаралық гуманитарлық құқық пен Халықаралық қылмыстық құқықты білуге арналған конкурстық тапсырмалар да осы айтулы күндерге сәйкес келді. Олимпиаданың жұмыс тілдері ағылшын тілінде ауызша жауаптар, қазақ тілінде тестілеу, орыс тілінде case-study болды. Төртінші тіл де қолданылды деп айтуға болады, өйткені латын заң терминдерін білуге арналған көптеген тапсырмалар берілді. Студенттер конкурстық тапсырмаларды өте жақсы орындады. Олимпиада қорытындысы бойынша жеке және командалық жүлдегерлер марапатталды.

Бірінші орынды «Bona fide» Buketov University командасы, екінші орынды Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің «Академиялық, 9» командасы, үшінші орынды Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының «Эрудит» командасы иеленді. Жеке есепте бірінші орынды 2- курс студенті Наушабаева Айғаным (Buketov University), екінші орынды 3- курс студенті Караманова Нұрила (ІІМ Қарағанды академиясы), үшінші орынды Әбдіров Ерғалым және Сәрсембаева Малика (Buketov University) иеленді.