Қарағанды облысы «Мамандығым – болашағым» жобасының эстафетасын қабылдады. Бүгін академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің базасында өңірлік жоба кеңсесінің ашылуы өтті.
«Мамандығым – болашағым» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтағы еңбек нарығындағы өзгерістерді болжау және студенттерге ерте кәсіптік бағдар беру.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен өтті. Министр мамандарды даярлау мәселесінде академиялық орта, орта білім беру жүйесі және жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Динамикалық дамып келе жатқан еңбек нарығы мамандарды белсенді оқытуды талап етеді, бұл студенттер үшін дағдылар мен құзыреттерге деген қажеттілікті болжауды және ерте кәсіптік бағдар беруді білдіреді. Басқарма басшысы университетте ғылымды дамытып, жастарды ғылымға баулу, жоғары білімді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттігіне де тоқталды.
Жоба тобын және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әлиқұлов, білім басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бөлкенбаев, «Мамандығым - Болашағым» бағдарламасының жобалық тобының жетекшісі Самғат Ермекбаев, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Басқарма Төрағасы - ректоры профессор Нұрлан Дулатбеков, Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының жобалық кеңсесінің өкілдері қарсы алды.
Университет ректоры Н.О. Дулатбеков жобаның мақсаттарына және оның өңір үшін мамандар даярлаудағы рөліне тоқталып, семинарға қатысушыларға жаңа қажетті дағдыларды меңгеруде сәттілік тіледі.
«Мамандығым - болашағым» жобалық кеңсесін ашу аясында университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша университет қызметкерлері аймақтық жобалық кеңсе командасына қосылып, Батыс Қазақстан облысының кадр қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеу жүргізеді.
Бүгінгі күні жұмыс 8 өңірде басталды: Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында, Астана және Алматы қалаларында. Павлодар және Маңғыстау облыстары өңірлік кадрларға қажеттілік картасын әзірлеуді аяқтап, осы өңірлердің басым секторларының қатарынан келешегі бар кәсіптерді анықтады. Сондай-ақ оқушылардың кәсіби диагностикасы жүргізілді, оның нәтижелері бойынша оқушылар өздерінің бейіні мен кәсіби қызметте жүзеге асыру мүмкіндіктерін анықтады. 38 182 оқушы кәсіби диагностикадан өтті.
Қазақстанда барлығы 50 жоғары кәсіптік білім беру ұйымы жаңа және өзгеретін мамандықтар бойынша 440 білім беру бағдарламасын ұсынды, оларда 27 299 студент білім алуда. Сондай-ақ 34 ТжКБ ұйымы 4015 оқушы білім алатын 40 жаңа және жаңартылған білім беру бағдарламасын енгізді.